ЕРЛІ-ЗАЙЫПТЫЛАРДЫҢ БІР-БІРІ ҮШІН ЖАСАУЫ ТИІС ДҰҒАЛАРЫ ▪️ Иә, Алла, әс-Сәмииъ (Естуші), маған «киім» етіп беріп, арамызға сүйіспеншілік пен мейірім, жанашырлық орнатқан жан жарым үшін дұға жасағым келеді! ▪️ Иә, әл-Һәәди (Тура жолға салушы), оны тура жолға сала гөр. «Бізді тура жолға түсіргеннен кейін жүректерімізді ауытқытпа және Өзіңнен бір мейірім сыйла. Ақиқатында, Сен – Сый Берушісінің». Жарымды Өзіңе серік қосу күнәсінан аман ет, амалдарының зая кетуінен сақта! Жүрегін Өзіңнің дініңде бекем ет! Өз тағатыңа бағытта! ▪️ Иә, әл-Мәлик (Патша)! Оның өмірінің қорғаны болған дінін, тіршілік еткен мына дүниесін және қайтар орны болған Ақыретін дұрыстап жақсарта гөр! ▪️ Иә, Мейірбан Алла! Оны қабір азабы мен тозақ отынан, өмір мен өлім бүлігінен сақта! ▪️ Иә, әл-Уаһһаб (Сыйлаушы)! Жан-жарыма ұлы сыйың Фирдаус Жәннатын нәсіп ет! Ақыретте шыншылдармен, ізгілермен, шәһидтермен бірге болуды тарту ете гөр! ▪️ Иә, Муқаддим (Ілгерілетуші, Алға шығарушы)! Оны және балаларымызды тақуалардың алды ете гөр! Өзіңнің алдыңдағы, Қияметтегі, адамдардың арасындағы дәрежесін биік ет! Оған Сені разы ететін қайырлы қызмет бер! Адал ризық-несібе бере гөр! ▪️ Иә, әл-Хакиим (Дана, Хикмет иесі), Оған жақсы мен жаманды айыратын қабілет, даналық бер! Оның білімін арттыр! Ең көркем мінез-құлықтарға бағытта, жаман мінез-құлықтардан арылта гөр! ▪️ Иә, Рахымды Ием, Оған таусылмайтын бақ, үзілмейтін қуаныш сыйла. ▪️ Иә, ән-Насыйир (Жәрдемші, Жеңіс беруші)! Өзіңді еске алуға, Өзіңе шүкіршілік етуге әрі Өзіңе көркем түрде құлшылық етуге жәрдем бер! Өзіңнің құзырыңда қабыл болатын ғибадаттар жасауда көмекші болғайсың! ▪️ Иә, Алла, оны алды-артынан, оң жақ-сол жағынан, төбесінен Өзің сақта! Нәпсісінің кесірінен, шайтанның жамандығы мен тұзағынан сақта! Оны әлсіздіктен, жалқаулықтан, қорқақтықтан, сараңдықтан, қаусаған кәріліктен, қатыгездіктен, қаперсіздіктен, мұқтаждықтан, қарызға батудан, қорлықтан, кедейліктен, күпірліктен, пасықтықтан, араздықтан, екіжүзділіктен, әрі өзгелердің естуі үшін, әрі көруі үшін амал қылудан сақтай гөр! Иә, Алла! Оны саңырау, соқыр, жынды, алапес болуынан және барлық жаман аурулардан сақтауыңды сұрап, бір Өзіңе сиынып, пана тілеймін! ▪️ Иә, жүректерді бұрушы Раббымыз! Бізге Өзіңнің разылығың үшін болған сөнбейтін махаббатты нәсіп ет! Оның маған деген махаббаты мен сүйіспеншілігін арттыра гөр. ▪️ Иә, әш-Шәәфии (Шипа беруші)! Оның бойында қандай да бір ауру болса, айықтыра гөр! Оны Өзіңнің алдыңа сау жүрекпен барушылардан ете гөр! Иә, Құдайым, Оның жүзін маған, менің ажарымды оған сұлу ет! Жанымызды сұлу ет! Мені оның көзінің қуанышы, жүрегінің тыныштығы ете гөр! ▪️ Иә, әл-Ғании (Бай), әр-Раазиқ (Ризық беруші), біздің ризық-несібемізді берекелі ет! Бізге бұл дүниеде де жақсылық бер, ақыретте де жақсылық бер және бізді тозақ азабынан сақта! Тұратын үйімізді кең, асымызды адал ете гөр. ▪️ Иә, Кешірімді Алла Тағала, біздің үлкен-кіші, жасырын-жария жасаған барлық күнәларымызды кешіре гөр! Күнәларды кешіретін Өзіңнен басқа ешкім жоқ! ▪️ Иә, Ұлы, Үстем Раббымыз, менің жарыма разы бол! Оның соңғы сөзінің «Лә иләһә иллә Алла» болуын нәсіп еткейсің! #асыларна #asylarna #asylarnatelekanal #апталық #ер #еразамат #отағасы #әке #ана #отбасы #татулық #дұға

Теги других блогов: продвижение SEO Google