☪🐑 Ханафи мәзһабы бойынша құрбан айт күндері құрбан шалу муқим (жолаушы емес), бай, азат мұсылман адамға уәжіп (міндет) болады1.
⠀
📖 Алла Тағала Құран Кәрімде: «Ендеше, Раббың үшін намаз оқы да, құрбан шал!»2 – деп бұйырды. Бұл жердегі бұйрық рай уәжіп (міндет) үкімін білдіреді. Пайғамбарымызға (ﷺ) міндеттелген нәрсе, үмметіне де – міндет. Өйткені ол (ﷺ) үмметіне үлгі ретінде жіберілген3.
⠀
Сондай-ақ, Алла Тағала былай дейді: «... сондай-ақ, Алланың өздеріне ризық етіп берген малды белгілі күндерде Алланың атын атап, құрбандыққа шалсын. Сөйтіп, құрбандыққа шалынған малдың етінен өздерің де жеңдер, пақырлар мен кедейлерге де жегізіңдер»4.
⠀
📚 Пайғамбар (ﷺ) сахабалары бұл ғибадаттың мәнін сұрағанда: «Құрбан шалу – Ибраһим (оған Алланың сәлемі болсын) бабаларыңның салып кеткен жолы. Құрбандыққа шалған малдарыңның әрбір тал қылшығы үшін сауап аласыңдар»5, – деп жауап берген.
⠀
Ханафи фиқһ ғалымдары бұл бұйрықтың мұсылман үмбетіне де қатысты екенін айтып, құрбан шалуды уәжіп (міндетті құлшылық) ретінде қарастырған. Бұны Әбу Һұрайрадан (Алла оған разы болсын) жеткен хадисте Пайғамбарымыз (ﷺ):
⠀
«Жағдайы бола тұра құрбандық мал шалмаған кісі біздің мешітімізге жақындамасын»6, – деп қатаң ескерткен.
⠀
Ал Имам Юсуф пен Имам Мұхаммедтің бір көзқарасында және малики мен шафиғи мәзһабтарында құрбан шалу – сүннет. Олар дәлел ретінде мына хадисті келтіреді:
⠀
Пайғамбарымыз (ﷺ):
⠀
🌙 «Сендерден зұл-хижжә айын көріп, құрбан шалуды қалаған адам оның (құрбандықтың) жүні мен тұяғын ұстасын», – деген7. «Құрбан шалуды қалаған» деп айту шариғатымыздың бұл істі міндеттемейтінін білдіреді8. Сондай-ақ, Алла елшісі (ﷺ): «Маған үш нәрсе міндеттелді, ал сендер үшін нәпіл (ерікті құлшылық). Олар: үтір намазы, құрбан шалу және құрбан айт намазы», – деген9.
⠀
✍ ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімі
⠀
1 Жәуһара нәйира, 5/478.
2 «Кәусар» сүресі, 2-аят.
3 Бәдаиғ ас-санаиғ, 10/245.
4 Хаж сүресі, 28-аят.
5 Ибн Мәжә риуаят еткен.
6 Ибн Хажар әл-Асқалани риуаят еткен.
7 Мүслим риуаят еткен.
8 Фатху баб әл-ғиная, 3/284.
9 Ахмад, Хаким риуаят еткен.
⠀
🔍 #qurban2021
#құрбанайт2021
